Күнтізбе

« Қазан 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Күнтізбе / Мұрағат

<< < Тамыз 2016 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Материалдар

Әр ұлт – өзінің тілімен ғана ұлт

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қыркүйек айының үшінші жексенбісі Қазақстан халқы тілдерінің күні болып белгіленгені баршаға аян. Жыл сайын бұл күнді атап өту  Қазақстанда тұратын барша ұлт өкілдері мен ұлыстардың дәстүріне айналып отыр.

Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған – оның ғажайып тілі. Елбасы, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында тіл мәселесін ерекше назарға алып, назарында ұстауда. Өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты кезекті Жолдауында:  «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90 пайыз ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпыұлттық прогреске жете алмайды» деп айтқан болатын. Сондай-ақ, Президентіміз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында 2025 жылдан бастап латын қарпіне көшу жөнінде бірқатар міндеттерді алдымызға тізіп берді. Демек, тіл мәселесінің маңыздылығы жыл сайын артып келе жатқанын және Елбасының осы мәселеге ерекше ден қоюын көріп отырмыз.
Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясаты Қазақстан Республикасы  Конституциясының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының негізінде, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде жүзеге асырылып келеді.
Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары А.Мысырәлімова Қазақстан халқы тілдерінің күніне  арналған онкүндік өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті.  Қыркүйектің 6-15-сі аралығында өткізілуге тиісті бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Бірлік пен келісімді, тілге деген құрметті насихаттайтын шаралар аясында концерттер, тілдерді меңгеру бойынша байқаулар, дөңгелек үстелдер мен диспуттар өтуде. Солардың ішінде «Тіл құдіреті – тіл мәдениеті», «Тәуелсіздік – тұғырым, тілім – ғұмырым», «Тіл – тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз», «Тіл – парасат», «Ұлттық тіл – мәдениеттің негізі және іргетасы»  сынды іс-шараларды атап өтуге болады.
Біздің облыста бүгінде 105 ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Облыс бойынша 52 этно-мәдени бірлестік тіркелген. Олардың барлығы Қазақстан халқы тілдерінің күніне арналған онкүндікке белсене атсалысуда.   Қазіргі таңда облысымызда мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесі шамамен жетпіс пайызды құрап отыр. Облыста қазірде 216 балабақша бар, оның 69-і қазақ тілді, 118-і аралас тілді, 29-ы орыс тілді балабақшалар. Оларда жалпы саны 26977 бүлдіршін оқиды, оның 16428-і (61 пайыз) қазақ тілінде тәрбиеленеді. Шағын орталықтарға келсек, олардың жалпы саны облыс бойынша – 375. Олардың 179-і қазақ тілінде, 42-і аралас тілде, 154-і орыс тілінде білім береді. Бұл мекемелерде 9350 бүлдіршін тәрбиеленуде, оның 4228-і (45 пайыз) қазақ тілді топтарда оқиды. Биыл облыс бойынша 569 орта мектеп бар, оның ішінде қазақ мектептері – 161, аралас мектептер – 221, орыс мектептері – 187. Оқушылардың жалпы саны – 114695, оның 54597-і, яғни,  48 пайызы қазақ сыныптарында оқиды. Соңғы үш жылда қазақ сыныптарында оқитын балалар санының динамикасы келесідей: 2015 жылы – 47 пайыз, 2016 жылы – 47,6 пайыз, 2017 жылы – 48 пайыз.
Аз да болса алға жылжу бар. Бұл мәселеде әр қазақ азаматы өзгені емес өз-өзін қамшылауы тиіс. Рухани жаңғыру аясында тіліміз де жаңғыруы тиіс. Елбасымыз латын қарпіне көшу жөнінде жаңа міндеттер белгілеп отыр, жаңа әліпбидің жобасы әзірленіп күллі өңірлерде талқылаулар болып жатыр. Демек, осы жаһандану процесінен қалыспай, балаларымызды қазақ мектептеріне беріп, жаңа әліпбиді үйреніп, Қазақстанның 30 дамыған елдің қатарына енуіне үлесімізді қосуымыз керек.  Қазақ тілін үйренем деушілерге барлық жағдай жасалған. Облысымыздың барлық өңірі орталықтармен қамтылған. Бұрын-соңды болмаған Қорғалжын өңірінде 2017 жылғы 26 қаңтарда тілдерді оқыту орталығы ашылды. Оқу процесін қорғалжындықтар 2017 жылдың
1 сәуірінен бастап кетті. Жалпы, облыс бойынша 20 орталық жұмыс істейді (17 аудандық, 2 қалалық және облыстық орталық). Олардың барлығында қазақ тілі үйретіледі, 18-інде қазақ тілімен қатар ағылшын тілі де үйретіледі.
Жыл сайын тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен мемлекеттік тілді насихаттау, тіл мәдениетін көтеру мақсатында дәстүрлі ақындар мүшәйрасы, Ой-Сана, Тіл шебері, Мемлекеттік тіл және БАҚ, Тіл мерейі, Тіл – парасат, Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте, Тіл – дарын олимпиадасы, Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы сынды іс-шаралар өткізілуде.
Сондай-ақ, мемлекеттік тілді насихаттау, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында өңірдегі ақын-жазушылардың тіл туралы айтқан қанатты сөздері жазылған 2016-2017 жылдарда жалпы саны 12 баннер облыс орталығының көшелеріне орнатылды.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының келісімімен 2016 жылғы 20 шілдеде ономастика мәселесіне қойылған тоқтам бір мәртелік амалмен алынған болатын. Сол уақыттан бастап Ақмола облысында ономастика жұмысы қайта жалғасты.
Былтыр 300-ге жуық атауды жаңартып, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына тарту жасадық. Әсіресе, 20 пайыз ғана қазағы бар Сандықтау ауданы 100 көшесін ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен өзгерткенін айрықша атап өткім келеді.
Нақтырақ айтар болсам, 2016 жылы облыстық ономастика комиссияларының (21 қазан,  
5 желтоқсан) отырыстарында 272 көше және
1 ауылды қайта атау туралы мәселе қаралып, оң шешімін тапты. Аудан және аудандық маңызы бар қалалар мен елді мекендердің көшелерін қайта атау туралы шешімдер әділет департаментінде тіркеліп, заңды күшіне енді. Сондай-ақ, облыстық маңызы бар Көкшетау және Степногорск қалаларының
7 көшесі мен 1 даңғылы қайта аталды.
2016 жылы Атбасар ауданындағы Новоалександровка селолық округі – Бастау ауылдық округі, Новоалександровка селосының атауы – Бастау ауылы, Целиноград ауданындағы Воздвиженка селолық округі – Нұресіл ауылдық округі, Воздвиженка селосының атауы – Нұресіл ауылы болып қайта аталды.
2017 жылғы 13 мамырда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №261 қаулысымен Ақмола облыстық филармониясына – Үкілі Ыбырайдың, Ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне – Балуан Шолақтың, Көкшетау қаласының №18 орта мектебіне – Сәкен Жүнісовтің, №3 Ақкөл орта мектебіне – Жайық Бектұровтың, Еңбекшілдер ауданы Сәуле орта мектебіне – Шәрәпи Әлжановтың, Қорғалжын ауданындағы Дружба орта мектебіне – Ақтан Төлеубаевтың, Ерейментау ауданындағы Малтабар орта мектебіне – Перуаш Кәрімовтің есімі берілді.
Облысымызда әрбір ұлт өкілінің өз туған тілін оқуы үшін барлық жағдай жасалған. «Шаңырақ» тілдерді оқыту мектебінде 9 тіл, яғни қазақ, орыс, поляк, неміс, ингуш, татар, армян, чуваш, әзербайжан тілдерінен мектеп оқушыларына дәріс беріледі. Әрбір топқа ана тілі, қазақ тілі және елтану пәндерінен сабақ беріледі. 2016-2017 оқу жылында 9 топта 222 оқушы оқуын аяқтады. Бурабай ауданының «Видергебурт» немістер қоғамында күн сайын неміс тілін оқимын деушілерге дәріс беріледі. Сандықтау ауданында Красная поляна ауылының
5, 7, 8, 11 сынып оқушылары шешен тілі сабақтарына қатысады.  Атбасар қаласында «Целина» қоғамдық қоры ақылы түрде ағылшын және неміс тілдерін оқытады.
Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада пайдалана отырып, дамыту!  Қазақстан халқы тілдерінің күні баршамызға құтты болсын!

Әділжан ӘМІРХАНОВ,
облыстық тілдерді  дамыту басқармасы  басшысының міндетін атқарушы.

Кіру саны

  • Қолданушылар : 2
  • Материалдар : 7143
  • Сілтемелер : 9
  • Материалды қарау саны : 4346812